AFP: Бакуде Израиль және Сирия өкілдері кездесті

Сирия және Әзербайжан президенттері Ахмед әш-Шараа және Илхам Әлиев

Сирия президенті Ахмед әш-Шараа Бакуге барған күні Әзербайжан астанасында Израиль және Сирия өкілдерінің тіке кездесуі өтті. Бұл жөнінде Дамаскідегі аты-жөнін атамаған дереккөзге сүйенген AFP жазды.

Дереккөз дегенмен Сирия президентінің "Израильдің Сириядағы әскери қимылы" талқыланған кездесуге қатыспағанын айтты.

Былтыр желтоқсанында Сирияда Башар Асад режимі құлағаннан кейін Израиль Сирияның әскери нысандарына әуеден соққы беріп, өз әскерін БҰҰ бақылауындағы буферлік аймаққа жіберген.

"Әл-Каидамен" байланысы үшін Сирияның жаңа үкіметіне сенімсіздік танытып, ондағы әскери нысандарды қиратқан Израильдің әрекетіне қарамастан Ахмед әш-Шараа "Сирия көршілермен жанжалдаспайды" деп талай мәлімдеп, атқылауды тоқтату үшін халықаралық қауымдастықты Израильге қысым жасауға шақырған еді. Жуырда Сирия үкіметі буферлік аймақ құруды көздеген 1974 жылғы келісімге оралу мақсатында Израильмен тіке емес келіссөз жанданғанын растаған.

Маусым соңында Израильдің сыртқы істер министі Гидеон Саар Израиль Сириямен қарым-қатынасты қалпына келтіруге мүдделі деп мәлімдеген. Кейбір дереккөздер Израильмен келісім төңірегіндегі әңгімелерді "асығыстық" деп атағанмен АҚШ-тың Сирия бойынша арнайы уәкілі Том Барак осы аптада "Сирия мен Израиль арасында диалог басталды" деп мәлімдеген.

Мамыр айында Сирия президенті Ахмед әш-Шараамен Эр-Риядта кездескеннен кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Сирия Израильмен қарым-қатынасты қалпына келтірген өзге де араб елдеріне қосылатын болар деп үміттенген.

Сирия президенті Бакуға сапары барысында Әзербайжан президенті Илхам Әлиевпен сөйлескенін екі елдің үкіметтері де растады. Әзербайжан екі елдің негізгі одақтасы Түркия арқылы Сирияға газ экспорттала бастағанын айтты.