Екі жыл бұрын Нигора мектепке баруды қойды. Себебі оны тұрмысқа берді. Ол кезде 17 жаста болатын. Орталық Азияда мыңдаған қыздың тағдыры осыған ұқсас: мектептегі емтиханның орнына — шариғат жолымен неке қияды, ал жоғары, кейде тіпті орта білімнің орнына үйдегі ауыр жұмысқа жегіледі. Отбасылары қыздарын ерте жастан тұрмысқа беруді дәстүрді сақтау, "ар-намысты" қорғау деп түсіндіреді. Осылайша адам құқығы өрескел бұзылып, жас қыздар тағдыр тәлкегіне ұшырап жатады.
"Келісімімді алмай тұрмысқа берді"
Жасы небәрі 19-ға толған Нигора осы уақытқа дейін ажырасып үлгерген. Қазір ата-анасының үйінде, бала кезінен дәрігер болуды армандап өскен бөлмеде тұрады. Бірақ Нигора өз үйінде жайсыз сезінетінін, туыстары оған жат адамдай қарайтынын айтады.
— Үйдің үлкенімін. Анам 15 жасар кезімде қайтыс болды. Содан бір жыл өтер-өтпестен әкем туыстарымен менің тұрмысқа шығуымды талқылай бастады. "Қиындық тумай тұрып беріп үлгеру керек деді", — дейді Нигора Азаттық Азияға берген сұхбатында.
Көп ұзамай оны әкесінің алыс туысы — Ресейде құрылысшы болып жұмыс істейтін 25 жастағы Кәмілге (Комил) тұрмысқа беруді ұйғарғаны белгілі болған. Қыздың келісімін ешкім сұрамаған.
Тәжікстанда қай жастан бастап некеге тұруға болады?
Негізі 18 жастан. Бірақ Отбасы кодексінің 13-бабына сай, егер сот шешімі болса, бұл меже 17 жасқа дейін төмендетілуі мүмкін. Осыған ұқсас заңдар Өзбекстанда, Қырғызстанда және Түркіменстанда бар. Қазақстанда заң одан да жеңіл: қыз жүкті болса немесе жас жұп арасында сәби болса және өзге де ерекше жағдайларда 16 жастан некеге тұруға жол беріледі. Заңдағы мұндай "ерекшеліктер" ерте неке үшін, тіпті кейде мәжбүрлі неке үшін қолайлы құрал болып отыр.
— Ол кезде 10-сыныпты бітіріп, 17 жасқа енді толған шағым еді. Кәміл Ресейден келді де, мені соған тұрмысқа берді. Менен ешкім ешнәрсе сұраған жоқ. Той болмады, шағын ғана "неке қию" рәсімін өткіздік, санаулы қонақ болды — деді ол.
Нигора күйеуінің үйінде ата-енесімен, күйеуінің аға-әпкелерімен, іні-қарындастарымен тұрған. Үйдегі жұмыстың бәрі жас келіннің мойнына түскен.
"Таң ата есік алдын сыпырдым, сиыр саудым, малға қарадым, нан жаптым, барлығына таңғы ас әзірледім. Киім жуу, ыдыс-аяқ жуу, одан кейін түскі ас, артынан кешкі ас пісіру. Күнде сол. Демалуға бір минут уақытым болмайтын. Қайбір жолы қайынсіңлім көмектесейін деп еді, енем оны тыйып тастап, "Үйге келін не үшін керек?" деді. Жаным да, тәнім де қажыды. Көп ұзамай түсік тастадым.
Бірнеше айдан кейін күйеуі шетелден оралған Нигора тағы да бала көтерген. Бірақ кейін екінші рет түсік тастаған. Күйеуінің туыстары оны "бала туа алмайсың" деп айыптап, ажырасуын талап еткен. Кәміл мұсылманша үш рет "талақ" айтып, екеуі ажырасып тынған.
Сөйтіп Нигора әкесінің үйіне оралған.
— Ешкімге қажетім жоқтай күй кешемін. Білімім де жоқ, ақшам да жоқ: неден бастарымды білмеймін, — деді ол.
"Кезінде әкем анама осылай үйленген". Әселдің хикаясы
Қырғызстанның Жалал-Абад облысында туып-өскен 17 жастағы қыз Әсел (аты-жөні өзгертілген) өмірін тас-талқан еткен күнді қайғыра еске алады. 9-сыныпта оқитын кезі, 16 жаста еді. Көркемөнер училищесіне түсуді жоспарлап жүрген.
— Илшат менен 9 жас үлкен болатын. Хат жазып, қоңырау шалып жүрді. Аз-маз сөйлесетінбіз. Ал содан кейін бір күні достарымен келіп дүкеннің жанынан өтіп бара жатқан жерімнен алып қашты. Үйіне әкелгенде, туыстары дайын күтіп отыр екен. Келесі күні әке-шешеме қоңырау шалды. Олар келді, бірақ мен алып кетпеді. "Илшаттың әйелі болып қалғанымды, мұның қырғыз дәстүрі" екенін айтты. Кезінде әкем анама дәл осылай үйленген. Діни неке қию рәсімін жасадық та, әке-шешем кетіп қалды, — деді Әсел Азаттық Азияға.
Осылайша күтпеген жерден келін болған Әсел мектепті тастап, "көркемөнер" туралы арманынан бас тартуға мәжбүр болған.
— Сурет салғанды жақсы көремін. Жан-тәніммен жақсы көрдім. Ал қазір соңғы рет қашан қылқалам ұстағаным есімде жоқ. Ішкі дүниемді паш еткім келеді, бірақ оған уақыт жоқ, күш те жоқ, — деді ол.
Жақында ол шала туған сәбиін дүниеге әкелді.
— Күйзеліс салдарынан сүт шықпай қалды. Қоспа алуға ақшамыз әрең жетеді. Күйеуім әзірше жұмыссыз, соның әке-шешесінің үйінде тұрып жатырмыз. Кейде менің туыстарым көмектеседі, — деді Әсел.
Күйеуімен қарым-қатынасы жайлы сұраққа Әсел жауап бермеді.
Ерте некені заңдастырудың айналма жолы
"Ерте неке" — 18 жасқа толмағандар арасында қиылатын неке. Балалар арасындағы некенің синонимі.
Мәжбүрлі неке — тараптардың бірі немесе екеуі де саналы түрде толық келісім бермеген неке.
Халықаралық Equality Now құқық қорғау ұйымының дерегінше, Қырғызстанда барлық некенің 13 пайызы – ерте жаста қиылған неке. Тәжікстан бұл көрсеткіш 9 пайыз, Өзбекстанда – 3,4 пайыз, бірақ дәстүршіл кей өңірлерде 11 пайызға дейін жетуі мүмкін.
Equality Now ұйымында құқық мәселесі бойынша кеңесші болып жұмыс істейтін, "Кедергілерді жою: Еуразиядағы бала, ерте және мәжбүрлі некелер мәселесін шешу" деп аталатын есептің авторларының бірі Дарьяна Грязнова Азаттық Азияға берген сұхбатында заңнамаларда мұндай некелерді заңдастыруға мүмкіндік беретін олқылықтар барын айтады.
Дарьяна Грязнова
— Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан заңдары некеге тұру жасын 17-ге дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл халықаралық стандарттарға, ең алдымен Бала құқықтары туралы конвенция мен Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитеттің ұсынымдарына тікелей қайшы келеді, — деді ол.
Тәжікстандық гендерлік зерттеуші Диана Исмаилованың айтуынша, Тәжікстанда көбіне соттың рұқсатымен некеге тұру жасын төмендетеді. 2017-2018 жылдардағы 500-ден астам істі қамтыған сот практикасына жүргізілген талдау көрсеткендей, рұқсат етілген жағдайлардың 82 пайызында судья шешімінде қыздың отбасындағы ауыр материалдық жағдайға сілтеген. Істердің 45 пайызында шешімге "жұптың өзара махаббаты" себеп болған.
Исмаилованың сөзінше, "қисынсыз негіздемелер" де кездескен.
— Кей жағдайларда сот тойға қаражат шығындалып қойып, қалыңдықтың 18-ге толмағаны АХАЖ-ға барғанда бір-ақ белгілі болғанын айтып шешім қабылдаған. Мұндай істердің үлесі 3 пайыз, бірақ осының өзі бұл мәселенің қалай қаралатынын көрсетеді" — деді Исмаилова.
Зерттеушінің сөзінше, соттар іс-жүзінде гендерлік мән-жайды ескермейді.
— Соттар некелесушілердің, соның ішінде әсіресе қыздардың құқықтарына сирек назар аударады, — деді ол некенің ерікті-еріксіз қиылуы мәселесін мысал етіп.
Тәжікстандық құқық қорғаушы, заңгер Лариса Александрова ерте жастағы неке жөніндегі ресми деректерге назар аударады. Оның сөзінше, алдыңғы жылдары елдегі ерте жастағы некенің үлесі 0,8-1,02 пайыз аралығында болған.
Лариса Александрова
— Бір қарағанда, үлкен сан емес сияқты, жағдай тұрақты көрінеді. Бірақ бұл – көзбояу. Құрғақ статистикалық мәліметтердің артында діни дәстүр бойынша қиылатын бейресми некелердің кең тарауы секілді алаңдатарлық ахуал жасырынып тұр, — деді ол.
Құқыққорғаушының айтуынша, шариғат жолымен қиылған некенің заңды күші болмағанымен, ерте некелердің, мәжбүрлі некелердің және полигамиялық некелердің көбі осындай некеден басталады.
— "Тойлар мен рәсімдерді реттеу туралы" заң неке қию рәсімінің өзін ғана реттейді. Яғни тойға қанша қонақ шақыруға болатынын, тойдың ұзақтығын белгілейді. Бірақ бұл заң молдаларды мұсылманша неке қияр алдында неке туралы [мемлекеттік] куәлікті сұрауға міндеттемейді. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың некесін ресми құжат сұрамай-ақ қия салатын молдаларға жауапкершілік қарастырылмаған, — деді заңгер.
"Қорқыныш, жалғыздық және зорлық-зомбылыққа толы тұйық кеңістік"
Қыз балаларын жас кезінде тұрмысқа берудің себептері өте көп. Equality Now ұйымының заң мәселелері жөніндегі кеңесшісі Дарьяна Грязнованың айтуынша, басты себептердің бірі — экономикалық тұрақсыздық. Тұрмысы төмен отбасылар ерте некені отбасы шығынын азайту амалы көреді. Кейде тіпті қызын бақуатты отбасыға беріп, қалың мал арқылы жағдайын түзеп алуды ойлайды.
— Ең осал топ — қыз балалар. Білім алуға мүмкіндік болмағандықтан, кәсіп қуалай алмай, ерте жастан неке қидыруға душар болып жатады. Бұл тұйыққа тірейді: қыздар білімі жоқ болғандықтан құқығын қорғай алмайды, сол себепті отбасы мен қоғамның қысымына төтеп бере алмайды. Ал мұның бәрі ерте неке қаупін арттырады, — деді ол.
Мәселе тек ақшада емес. Сарапшылардың айтуынша, отбасылардың уәждері көбіне әлдеқайда терең әрі қайшылыққа толы. Душанбедегі "Айна" социологиялық зерттеулер орталығының директоры Гүлнора Бекназарованың айтуынша, мұндай шешімдерді көбіне ата-аналар ғана қабылдамайды. Бұл іске ата-әжелер, аға-әпкелер, тіпті көршілер де араласады. Отбасының жағдайы, айналадағы адамдардың пікірі, қоғамның талабы, "қыз уақтылы тұрмыс құруы қажет" деген қысым – осының бәрі ескеріледі.
Гүлнора Бекназарова
— Ата-ана қызы тұрмысқа шықпай қалып, жұрт сөгеді деп қорқады. Жұрт "20-ға толды, отырып қалды" деуі мүмкін. Бұл — ауыр таңба. Бұл туралы көп жағдайда ашық айтылмаса да, ол қыздардың тағдырына әлі де әсер етіп отыр. Дәстүршіл қоғамда әдет-ғұрып пен қалыптасқан нормалардың ықпалы әлі басым. Ерте некенің репродуктивті денсаулыққа зияны, білімсіз қалуға немесе ажырасқан жағдайда өзін асырай алмауға әкелетін салдары ескерілмейді, — деді Бекназарова.
Құқық қорғаушы Лариса Александрова ерте неке әдетте қыз баланы "қоғам күткен мінез-құлық шеңберінде ұстау құралы" ретінде қолданылатынын айтады.
— Ата-ана қызының "жолдан таюынан", отбасын ұятқа қалдыруынан қорқады. Некесіз жүкті болу әсіресе ауылды жерлерде отбасының абыройына тікелей қатер ретінде қабылданады. Осындай жағдайда ерте неке "қорғау шарасы" ретінде ұсынылады, бірақ шын мәнінде бұл қыздың еркіндігі мен құқықтарын шектейтін амал, — деді ол.
Мұндайда отбасындағы үлкендер тарапынан эмоциялық фактор да рөл атқарады. Александрова айтқандай, "көзі тірісінде немересін ұзатып үлгеру" шешуші мәнге ие болады.
— Көптеген ата-әже үшін той — өмірлік міндеттің орындалғанының белгісі. Қыз дайын болмауы ықтимал, бірақ үлкендердің тілегі оның қалауынан маңыздырақ болып кетеді, — деді ол.
Бірақ қандай қозғаушы күш болмасын, ерте әрі мәжбүрлі неке гендерлік зорлықтың бір түрі болып қала бермек. Дарья Грязнованың сөзінше, мұндай неке қызы баланы таңдау құқығынан, еркіндігінен айырады.
— Көптеген қыздар үшін бұл жаңа өмірдің бастауы емес, керісінше — қорқыныш, оқшаулау мен зорлыққа толы тұйық кеңістікке аяқ басу. Ол жерден шығу өте қиын, — деді ол.
Ерте некенің денсаулыққа зияны
Жас кезінде тұрмысқа шыққан қыздар көбіне бала көтеруге дайын болмай, ауыр қиындықтарға тап болып жатады.
Душанбедегі "Қоғамдық денсаулық және адам құқықтары" қоғамдық қорының жетекшісі, акушер-гинеколог Тахмина Саидова мұндай жағдайға жиі куә болады.
Тахмина Саидова
— Ерте неке, ерте бала көтеру мен ауыр медициналық асқынулар арасында байланыс бары анық. Бұл медицина саласында үлкен алаң тудырып отыр, — деді ол.
Дәрігердің айтуынша, 15-19 жас аралығындағы қыздарға бала көтеріп, босанған кезде төнетін өлім қаупі 20 жастан асқан әйелдермен салыстырғанда екі есе жоғары.
— Мұның түрлі себебі болуы мүмкін — қатты қансырау, инфекциялар, қауіпті аборттан кейінгі асқынулар. Жасөспірімнің денесі босануға әлі толық дайын болмайды: мысалы, жамбасы тар болуына байланысты ауыр босану мүмкін, ол көп жағдайда жарақатпен, мүгедектікпен немесе ана мен баланың өлімімен аяқталады. Кей жағдайларда салдары өмір бойына қалуы мүмкін. Жыртылудан бастап тік ішек пен қынап арасында жыланкөз (свищ) пайда болуына дейін. Бұл тек денсаулыққа емес, қыздың қалыпты өмір сүру мүмкіндігіне де нұқсан келтіреді, — деді Саидова.
Жасөспірімдерден көбіне шала туған, салмағы аз сәби дүниеге келеді. Бұл да нәресте өлімінің қаупін арттырады.
Ерте некенің психикаға әсері де аса ауыр.
— Мұндай неке көбіне зорлық-зомбылықпен, оқшауланумен, білімнен ажырап қалумен қатар жүреді. Мұның бәрі депрессияға, мазасыздыққа, тіпті аса ауыр күйзеліске әкелуі мүмкін, — деді дәрігер.
Саидованың айтуынша, инфекциялар қаупін де бөле-жара айту қажет.
— Жыныстық сауаттың жоқтығы мен контрацепцияға қол жеткізе алмағандықтан жас қыздар ЖИТС (ВИЧ) пен басқа да жыныстық жолмен жұғатын инфекциялардан қорғана алмайды. Көп жағдайда олар қорғаныссыз жыныстық қатынастан бас тартуға немесе дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге мүмкіндік таппайды, — деді ол.
Ал құқық қорғаушы Диана Исмаилованың айтуынша, ерте некенің тағы бір ауыр салдары — қыз бала толықтай экономикалық тәуелділікке түседі.
— Мұндай жағдайда қыз, әдетте, ешқандай мамандық алып үлгермейді, еңбек нарығына шығу үшін қажет дағдыларды меңгермейді. Білім алу кейінге шегеріледі, ал көбіне мүлде жүзеге аспайды. Ал неке ажырасумен аяқталса ше? Мұндай әйел өте осал күйде қалады, — деді сарапшы.
Ерте некені қалай тоқтатуға болады?
Тәжікстандағы бала құқықтарын мемлекеттік қорғау бөлімінің жетекшісі Сухайли Кодиридің айтуынша, бүгінде елде ерте некеге қарсы нақты қадамдар жасалып жатыр: отбасылық кодекстен некеге тұру жасын 17-ге дейін төмендетуге мүмкіндік беретін норманы алып тастау жөнінде талқы жүріп жатыр.
"Көптеген мемлекеттік органдар бұл бастаманы қолдап отыр", — деді ол.
Қырғызстанда болса, биылғы мамыр айынан бастап 18 жасқа дейінгі некеге толық тыйым салатын жаңа отбасылық кодекс жобасы әзірленген.
Алайда тек заңнамалық және қылмыстық шаралар жеткіліксіз дейді Equality Now ұйымының заңгерлік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Дарьяна Грязнова. Оның айтуынша, бұл мәселенің тамыры әлдеқайда тереңде жатыр:
— Ерте некеге жол беретін тәжірибе — гендерлік кемсітушілік, кедейлік пен қоғам тарапынан қысым сияқты факторлардың топырағында өсіп шығады. Бұл құқықтық қана емес, сонымен қатар мәдени және әлеуметтік мәселе, — деді ол.
Сондықтан бұл мәселемен бірнеше бағытта күресу қажет деп, оларды атап шықты:
– заңдарды күшейту және оларды қатаң түрде қолдану;
– отбасылар мен жасөспірімдерді ерте некенің қауіп-қатері туралы ақпарат беріп, хабардар ету;
– қыз балалар мен олардың отбасылары үшін экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту;
– зардап шеккендерге кешенді көмек көрсету;
– қоғамды осы дәстүрлер мен нормаларды қайта қарауға белсенді түрде тарту.
Гендерлік сарапшы Диана Исмаилова ерте некемен күрес заңгерлердің, соттардың немесе АХАЖ органдарының ғана ісі емес екенін айтады.
Диана Исмаилова
"Бұл — барлық тарапқа қатысты мәселе: министрліктерден бастап жергілікті пікір лидерлеріне дейін. Елестетіп көріңізші: егер теледидардан прайм-тайм кезінде ерте тұрмыс құрудан зардап шеккен қыздардың шынайы хикаялары көрсетілсе қалай болар еді. Медиа миллиондаған адамның санасын қалыптастырады", — деді Исмаилова.
Сарапшы бұл іске тіпті қорғаныс министрлігін де тартуды ұсынады.
"Жігіттер әскерден кейін үйленуге асығады. Неге олар ауылға қайтпай тұрып, сол жерде-ақ отбасылық сауаттылық пен ер мен әйелдің құқықтары туралы курстардан өтпеске? Бұл болашақта сау қарым-қатынас пен жауапты шешім қабылдаудың негізін қалар еді", — деді Исмаилова.
Ал Душанбе тұрғыны 19 жастағы Нигора бұл мәселені қарапайым тілмен жеткізді:
"Оқыңыздар, армандаңыздар. Асықпаңыздар. Тұрмысқа өз қалауыңызбен, дайын болғанда ғана шығыңыздар. Бұл — сіздің өміріңіз. Ол сіздің келісіміңізбен басталуы керек".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зорлық көріп, бала көтерген жасөспірім қыздардың жан жарасы