Перизат Қайрат ісі жайлы процесте судья БАҚ өкілдерінің жұмысына ішінара шектеу қойды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ғимараты.

Қаржы жымқыру және алаяқтық баптары бойынша айып тағылған Biz Birgemiz Qazaqstan қорының бұрынғы басшысы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның ісі бойынша сот процесі кезінде айыпталушыларды, олардың адвокатын фото-видеоға түсіруге, сот залынан тікелей трансляция жүргізуге тыйым салынады. Дүйсенбі, 14 шілде күні осы істі қарайтын Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық арнаулы сотының судьясы Сабыржан Кәрімов осылай деп ұйғарды.

Судья Кәрімов айыпталушылардың сот тергеуі барысында олардың берген жауабын, түсіндірмелерін тыңдағанда, оған қоса айғақ-дәлелдерді зерттеу кезінде БАҚ-ты қатыстырмауды сұрап берген арызын қанағаттандырғанын хабарлады. Өйткені жеке басқа қатысты мәліметтер қаралған кезде құпиялығын сақтауды заң талап етеді деп түсіндірді судья өз шешімін.

Сондықтан БАҚ өкілдері – журналистер мен операторлар процесс барысын сот ғимаратындағы баспасөз орталығынан монитордан көретін болады.

Дүйсенбі күні Перизат Қайраттың ісі бойынша негізі сот процесі басталғанда мемлекеттік айыптаушы Мәдина Оразалина айыптау актісін оқыды.

"Перизат Қайрат "Біз біргеміз" акциясының халық арасында кеңінен қолдау тапқанын біле отырып, азаматтар мен заңды тұлғалардың қайырымдылыққа деп аударған қаражатты алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен иемденуді көздеген қылмыстық ниетпен әрекет етті. Қайрат Перизаттың қылмыстық жоспары – халық арасында танымал болған "Біз біргеміз" ұранын пайдаланып, осы атаумен қоғамдық бірлестік құру болған", – деді прокурор.

Оның сөзінше, Перизат Қайрат қоғамдық бірлестіктің банктегі шоттарын өзі мен анасы – Ғайни Алашбаеваның атына ашып, "азаматтардың көмекке мұқтаж адамдарға қайырымдылыққа деп берген қаражатын жеке бас пайдасына жаратуды мақсат еткен" және "қылмыстық жолмен алынған табысты туыстары мен сенімді адамдардың көмегімен заңдастырып, ақшаның шығу тегін жасырған".

Дүйсенбідегі сот процесі кезінде Перизат Қайрат өзіне тағылған ақша жымқыру және алаяқтық айыптарын прокурорлардың қиялынан туған деп атап, мойындамайтынын мәлімдеді. Ол соттан әуелі Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қайырымдылық қорының құрылтайшыларынан жауап алуды талап етіп, бұрын биліктегі NurOtan (қазіргі Amanat) партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің аты-жөнін атаған.

"Айыптау актісінің бірінші абзацынан бастап мені анаммен бірге қор құрды, құрылтайшылардың қолын қолдан жасады деп айыптайды. Бірақ бұл қор партия жанында, Байбектің басшылығымен құрылған. Құрылтайшылардың бәрі – партияның қазіргі немесе бұрынғы қызметкерлері. Сондықтан бұл мәселенің басын ашу үшін Бауыржан Байбектің өзінен жауап алынуы керек", – деген Перизат Қайрат.

Айыпталушы Ғайни Алашбаева да қызының сөзін қолдап, қорға өзінің еш қатысы жоғын айтты.

Осы іс бойынша 9 шілде күні өткен алдын ала сот тыңдауында Перизат Қайрат өзі қамауда отырған тергеу абақтысы қызметкерлері "күш көрсетті" деген мәлімдеген еді. Оның сөзінше, "мекеме қызметкері камера есігін күштеп жапқан кезде оны есік арасына қысып, денесіне жарақат түсірген".

Қайраттың бұл мәлімдемесі прокуратураға жолданып, Астана қаласының полиция департаменті Қайраттың арызы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды және тиісті сараптама тағайындалды деп хабарлады.

Полиция департаментінің мәлімдеуінше, тергеу аясында қамау мекемесінің бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерттеліп, қызметкерлер мен куәлардан жауап алынған.

"Алғашқы тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша, П.Қайрат мәлімдегендей, камера есігін жабу кезінде мекеме қызметкерлерінің оған дене жарақатын келтіруі туралы сөздері расталмайды. Бұған П.Қайрат өз арызында көрсеткен оқиға сәтіндегі бейнебақылау жазбасы дәлел болып отыр", – деп хабарлады Астана қаласының полиция департаменті 10 шілде күні.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Biz Birgemiz Qazaqstan қорының бұрынғы басшысы Перизат Қайраттың соты басталды

Перизат Қайрат былтыр қараша айында ұсталған. Қаржы мониторингі агенттігінің дерегіне сәйкес, күдікті Астанадағы төрт элиталық тұрғын үй кешенінен пәтерлер, сондай-ақ Mercedes-Benz S450, Lexus LX-600, Haval маркалы автокөліктер мен қымбат бұйымдар сатып алған. Кейін оған қосымша, Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсетуге жиналған 200 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Перизат Қайрат тергеу кезеңінде екі айға қамауға алынып, кейін оның мүлкі бұғатталды.

Айыпталушылар тарапы олардың тағылып отырған айыппен келісетіні не келіспейтіні жайлы ешқандай ресми түсініктеме берген жоқ.

Перизат Қайрат ісі қоғамда үлкен резонанс тудырып, Қазақстан билігі "Қайырымдылық қызмет туралы" заңға өзгертулер енгізуге кірісті. Ұсынылып отырғандардың арасында қайырымдылық қорларын аккредиттеуден өтуге міндеттеу, төтенше жағдай кезінде әкімдіктер белгілеген ұйымдар ғана қаражат жинай алады деген тәртіп енгізу, ал өз бетінше рұқсатсыз қаражат жинаған жеке адамдарға айыппұл салу тәрізді өзгертулер бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қайырымдылықты реттеу. Алаяқтықпен күрес пе, саланы бақылау ма?