Ресейдің Мәскеу облысындағы әзербайжан диаспорасының жетекшісі Елшан Ибрагимов Әзербайжанға депортацияланды. 4 шілде күні Ибрагимов Ресей азаматтығынан айырылған. Ресейлік РБК сайтының хабарлауынша, Ибрагимов Бакуге аттанған.
"Известия" басылымы Ибрагимовтың әуежайда түсірілген видеосын жариялады. Видеода ол депортациялау туралы шешім сіз күтпеген жағдай болды ма деген сұраққа "иә" деп жауап қатқан. Ибрагимов "аздап жабырқап" қалғанын айтқан.
Елшан Ибрагимов Ресейде 30 жылға жуық уақыт тұрды. 2018 жылдан бері Мәскеу облысындағы әзербайжан диаспорасын басқарды. Сонымен қатар, 2018 жылғы сайлау науқаны кезінде губернатор Андрей Воробьёвтың сенімді өкілі болған және Мәскеу облысындағы ұлттық-мәдени автономиялар жөніндегі Консультативтік кеңестің мүшесі ретінде қызмет атқарған.
Ибрагимов Ресей азаматтығынан айырылғаннан кейін, Мәскеу облыстық қоғамдық палатасының сайтынан оның аты-жөні мен қызметі туралы ақпарат өшірілді.
РБК деректеріне сәйкес, Ибрагимовтың азаматтығы "Ресей Федерациясының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттер жасағаны" үшін алынған. Алайда, Ибрагимов шешімнің нақты себептерін айтудан бас тартып, Әзербайжанға оралған соң бірнеше күннен кейін бұл жағдайға байланысты пікір білдіремін деген.
Your browser doesn’t support HTML5
Ресей мен Әзербайжан арасы неге суып барады? Дау неден басталды?
Елшан Ибрагимов Мәскеу мен Баку арасындағы қарым-қатынас күрт шиеленіскен тұсында Ресейден депортацияланды. 2025 жылғы 27 маусымда Екатеринбург қаласында құқық қорғау органы өкілдері 2001-2011 жылдары жасалған кісі өлтіру қылмыстарына күдікті ретінде Әзербайжанда туған әрі Ресей азаматтығы бар ондаған адамды ұстаған. Ұстау барысында олардың екеуі қайтыс болды, сүйектері отанына жеткізілді. Кейін Әзербайжан бас прокуратурасы, мәйіттерді тексерген мамандардың медициналық сараптау қорытындысына сүйеніп, олардың ажалы Ресей айтқан "жүрек талмасынан" емес, ұстау кезінде ұрып-соққаннан болған деп мәлімдеді.
Екатеринбургтегі күдіктілерді ұстау операциясына жауап ретінде Бакуде Ресей азаматтығы бар жиырма шақты адамды, соның ішінде Кремльге жақын "Sputnik Әзербайжан" агенттігінің лицензиясы ақпанда тоқтатылған журналистерін де ұстап, қамауға алды.