Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Сара Назарбаева Алматыдағы президент іс басқармасының медициналық орталығына қарасты ұлттық госпитальда (совминка) ем қабылдап жатыр.
Ұлттық госпитальдың директоры Асхат Бралов «Қазақпарат» агенттігінің ресми сауалына осылай жауап берген.
Оның сөзінше, науқасқа «тиісті медициналық қызмет» көрсетіліп жатыр. Оның жағдайын «білікті мамандар» бақылап отыр. Ол «науқасқа қойылған диагноз, денсаулығы, емдеу әдістері мен нәтиже дәрігерлік құпия» екенін қайталаған.
Мамыр айында бірінші президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай «Сара Назарбаева қайтыс болды» деген ақпаратты жоққа шығарған еді.
Бұған дейін 84 жастағы Сара Назарбаеваның ауыр халде жатқаны айтылған. Қазақстандық сайттар кейінгі кезде бұл аурухана маңында күзет күшейгенін жазған.