16 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ҚР қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Құжат некеге мәжбүрлеу, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырады.
Ақорданың хабарлауынша, заңмен Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстері, "Неке және отбасы туралы" кодекс, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекске, "Жедел-іздестіру қызметі туралы", "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" және басқа да заңдарға түзету енгізілген.
"Түзетулердің бірінші блогы қылмыстық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Түзетулердің екінші блогы қылмыстық заңнаманы жетілдіруді және кейбір қоғамдық қауіпті әрекеттер үшін жауапкершілікті арттыруды көздейді. Түзетулердің үшінші блогы қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, қылмыстық процесті оңтайландыруға бағытталған. Түзетулердің төртінші блогы қылмыстық-атқару заңнамасын жетілдіруге арналған" деп жазылған Ақорда сайтында.
Заңға сәйкес, Қылмыстық кодекс жаңа бап – "Некеге мәжбүрлеу" 125-1 бабымен толықтырылған. Бастапқыда жобада қыз алып қашу ұғымы қарастырылса, кейін оның орнына "Некеге мәжбүрлеу" ұғымы қолданылды. Жәбірленуші әйел адам да, ер адам да болуы мүмкін.
Мұндай қылмыс түрін жасағандарға айыппұл, қоғамдық жұмыс, бостандықты шектеу, сонымен бірге 2 жылға дейін бостандықтан айыру жазасы қарастырылған. Ал егер күш қолданылған жағдайда және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасалса немесе топ болып жасалғаны анықталса немесе қызметтік өкілетті пайдаланылғаны дәлелденсе, түрме жазасы 3 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтылуы мүмкін. Ұрланған адамды өз ерікпен босату да кінәліні қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды.
Ал сталкинг (115-1 бап) бойынша ең жоғарғы жаза – 50 тәулікке қамау.
Ресми мәлімет бойынша, үш жылда қыз алып қашу бойынша полицияға 214 шағым келіп түскен. Тек 10-ы ғана сотқа жеткен. Қыз бала өзіне күш қолданғанын дәлелдесе де кейбір қылмыстық істер жабылған. Ақпаратқа қарағанда, мұндай оқиғалардың басым бөлігі негізінен оңтүстік өңірлерде болады.
Қазақстанда қызды еркінен тыс алып қашуға байланысты іс-әрекеттер "Адам ұрлау" бабы бойынша сараланып келген еді, ал құқық қорғаушылар мен фем-белсенділер сталкинг деп сипаттайтын іс-әрекеттер бойынша полицияға арыз берілсе, көбіне "ұсақ бұзақылық" ретінде қарастырылатынын айтқан.