Түркияда президенттің басты қарсыласы түрмеге жіберілді

Экрем Имамоғлыны қолдау митингісі

Түркия соты "қала прокурорының намысына тиіп, қоқан-лоқы жасағаны үшін" Стамбұл мэрі Экрем Имамоғлыны 1 жыл 8 ай түрмеге кесті. Бұл Стамбұл мэріне қарсы тағылған айыптардың бірі ғана. Дегенмен сот оның саяси қызметпен айналысу құқығын шектемеген. Бұл жөнінде түрік ақпарат құралдары жазды.

Түркия президенті Режеп Ердоғанның басты қарсыласы саналатын Экрем Имамоғлы өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Ол істердің саяси астары бар деп санайды.

"Мен сот билігін асыра қолдану мен оны саяси құрал ретінде пайдалануға қарсы күрестім. Бұл шынымен де халқымызды қорлау" деді ол сотта.

Стамбұл мэрі 2025 жылы 19 наурызда – оппозициялық республикалық халықтық партиясының праймеризіне бірнеше күн қалғанда ұсталған. Аталған саяси шарада партия өкілдері 2028 жылғы президент сайлауына оны кандидат ретінде таңдауы тиіс болған. Оның қамалғанына қарамастан партия өкілдері Имамоғлыны президенттіктен үміткер ретінде таныды.

Түркия билігі Имамоғлыны «қылмыстық ұйымға жетекшілік етті», «алаяқтықпен айналысты», «жеке деректерге заңсыз қол жеткізді» деп айыптаған. Бұған қоса, оған "терроризмге дем берді" деген айып та тағылған. Тергеу органдарының айтуынша, саясаткер мен тағы үш адамның Түркияда террористік ұйым саналатын "Күрдістан жұмысшылар партиясына" қатысы бар. Ол бойынша сот процесі әлі басталмады.

Ол қамалғаннан кейін Түркияда жаппай наразылық өтті. Республикалық халықтық партия, Еуропа жетекшілері, мыңдаған наразы оған қарсы істерді саясиланған, демократия принциптеріне қайшы қудалау деп атады.

Экрем Имамоғлы Стамбұл мэрі қызметін 2019 жылдан бері атқарып келген. Сайлауда ол басқарушы партия өкілдерінен басып озған. Ол қамалғаннан кейін қызметтен уақытша шеттетіліп, оның орнын оппозициялық республикалық халықтық партиясының өзге өкілі Нури Аслан басқан.