Қазақстандағы Orda.kz басылымының негізін қалаған әрі бас редакторы Гүлнәр Бажкенова 9 шілде күні кешке YouTube-тегі ORDA News арнасынан жасаған видеомәлімдемесінде иелігіндегі медианы билікпен байланысы бар ықпалды адамдар рейдерлік әдіспен тартып алғалы жатқанын айтты.
Бажкенова әлдекімдер басылымды Мақсат Ғаниев есімді адамға толық беруді көздеп отыр дейді. Ол бұл адам осы басылым құрылтайшыларының бірі екенін, алайда өзі оны жеке танымайтынын, ешқашан көрмегенін айтты. Оның сөзінше 2020 жылы жақын құрбысымен бірлесіп құрған Orda.kz басылымы бастапқы жылы сол құрбысының қаржысымен жұмысын бастаған (Бажкенова қазір АҚШ-та сот процесіне дайындық жүріп жатуына байланысты құрбысының аты-жөнін атай алмайтынын айтты). Кейін әлгі құрбысының ұсынысы бойынша, компания үлескері ретінде Мақсат Ғаниев есімді адамды тіркеткен.
Бажкенова өзіне бұған дейін де, мысалы, қуғындағы оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтан сұхбат алған тұста, журналист Михаил Козачковтың ісі, суицид жасады делінетін Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің қазасы, Киевте қастандықпен өлтірілген қазақстандық оппозициялық журналист Айдос Садықов жайлы тақырыпты қозғаған кездері қысым жасалғанын мәлімдеді. Кейде қысым жасаушылардың талабына көніп, олардың айтқанын істегенін де мойындаған.
"Әблязовпен сұхбаттан кейін ойға келмейтін сұмдықтар басталды. Жарнама берушілер бізден бас тартып, коммерциялық серіктестеріміз өздеріне президент әкімшілігінен қысым жасап жатқанын ашық айтты. Ақыры сол сұхбатты [желіден] алып тастауға мәжбүр болдым. Сол жолы бізді [сайтымызды әлдекімдер] бұзып кіріп, роликті жойып жіберген-мыс деп айтқанымды мойындауға мәжбүрмін. Өзіміз құрған нәрсені сақтап қалу үшін осындай мәмілеге бардым", – деді Orda.kz бас редакторы Гүлнәр Бажкенова.
Қазақстанның Конституциясына сәйкес, елде цензураға тыйым салынады. Мәдениет және ақпарат министрлігі журналистердің ақпаратты еркін алу, тарату құқығы бұзылған жағдайда оларға араша түсетінін жиі айтады. Алайда Бажкенованың сөзі бойынша құзырлы органдар әлі жария мәлімдеме жасамады.
Журналист екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын қолдағанын, бірақ оның тұсында өздеріне қысым күшейгенін айтады. Азаттық Бажкенова айтып отырған цензура фактілерін растайсыздар ма деп Қазақстан президент әкімшілігіне ресми сауалдар жіберді.
Бажкенова Orda.kz редакциясы "Сана" орталығы деп аталатын квазимемлекеттік құрылым құрамына енуден бас тартқан соң басылымның басына бұлт үйірілгенін айтып берді. Ол "Сана" орталығын Қазақстан президенті әкімшілігі бақылауындағы құрылым деп атады. Журналист отбасы мүшелеріне де қысым жасалғанын айтты.
Гүлнәр Бажкенова өзі негізін құрған басылымның тағдырына байланысты 2023 жылдың басында қиын таңдау жасауға тура келгенін айтты.
"Не Orda жабылады, немесе құжаттарға қол қойып, үлесімнің көп бөлігін өзім ешқашан көрмеген адамға бересің деген талап қойылды. Осыдан кейін қысым болмайды, тіпті "қорғанышың" болады деп уәде еткен. Жан-дүнием күйзеліп, діңкем таусылған мен Orda-ны сақтап қалу үшін құжаттарға қол қойдым. Көпшілік қазір мұны түсінбейтін әрекет деп айтар, бірақ мен батыр болып өлгенше, батыр болып өмір сүрген дұрыс деп ұйғардым", – деді Orda.kz бас редакторы. Айтуынша, үлесін Ғаниевке беретіні туралы өзі қол қойған келісімшарттың көшірмесі қолына тимепті.
Азаттық ашық дереккөздерде "OrdaMedia.kz" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде үлесі бар, "Квартал Секьюрити" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы деп көрсетілген Мақсат Ғаниевке телефон шалды. Оның сұрауымен, редакция сұрақтарды жазбаша жолдады, Ғаниев мырза жауап беруге уәде етті.
Азаттық Orda басылымының бас редакторы айтқан жайттардың ақ-қарасын анықтау үшін Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігінен де комментарий алуға тырысып жатыр.